30 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін толық жабуға тыйым салатын заңға қол қойды. "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" заңға енгізілген өзгерістер көпшілік жерде адамның бетін тұмшалайтын ниқаб пен пәренжі сияқты діни киімдерді киюге де шектеу қояды. Құжатты әзірлеген ішкі істер министрлігі бұл өзгерісті қауіпсіздік мақсатында енгізіп отырмыз деді. Бұл қауіпсіздік шарасы дін еркіндігін шектемей ме? Әлемдік тәжірибе қандай?
ҚАЗАҚСТАН БҰЛ ЗАҢҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Түзетулерге сәйкес, азаматтар көпшілік ортада, мәселен көшеде, дүкендер мен мемлекеттік мекемелерде бет-әлпетін жасыратын киім кие алмайды. Шектеуді бұзғандарға нақты қандай шара қабылданары белгісіз. Заң жобасында ол туралы жазылмаған. Бірақ заңмен рұқсат етілген жағдайлар да бар.
"Өз кезегінде бұл шектеу заң талаптарын орындау мақсатында қызметтік, медициналық мақсаттарға, ауа райына байланысты немесе спорттық, мәдени іс-шараларға қатысу кезінде киетін адамдарға қолданылмайды. Бұл шара қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтың санын азайту, бет-әлпетті тану құралдарының тиімділігін арттыру, қылмыстардың алдын алу мүмкіндігін күшейтетін болады" деді сенат депутаты Наурызбай Байқадамов.
Қазақстанда азаматтардың қоғамдық орындарда бет-жүзін тегіс тұмшалайтын киім киюге тыйым туралы көптен бері айтылып жүрді. Талқы, әсіресе, 2016 жылғы Ақтөбедегі терактіден кейін күшейген. Бір жылдан соң дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арнайы заң жобасын да әзірлей бастаған. Алайда бастама қоғамда үлкен пікірталас туғызып, ресми түрде қабылданбаған. Кейін еміс-еміс көтеріліп жүргенмен, билік нақты шешім ұсынбады. 2024 жылы Атырауда өткен ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев адамның бет-әлпетін жасыратын киімді "ұлттық құндылыққа жат құбылыс" деп атады.
"Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ "архаизм" киім үлгілері арқылы да қоғамға жат діни идеалдарды таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық" деді ол сол кезде.
Тоқаевтың сөзінен соң Қазақстан мұсылмандары дін басқармасы ханафи мәзһабы бойынша ниқаб кию міндетті емес деген пәтуа жариялады. 2024 жылдың 10 қазанында ресми сайтта шыққан "Ниқаб кию уәжіп емес" деген мақалада Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы кей адамдардың ислам негіздерінен алшақтап, әсіре сілтеуге бой алдыруын "дінге жасалған қиянат" деп бағалаған.
"Тек қана киіммен адамның қай жолда екендігін анықтау – қатер. Қатерлі тұсы – ниқаб секілді дүниені парыз деңгейінде міндеттеп алатын асыра діншілдік" деді имам.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ ҚАНДАЙ?
Мұндай шектеу Орталық Азия аймағында алғаш рет енгізіліп отырған жоқ. Бұған дейін Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанда да адамның бет-әлпетін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салынған еді.
Қырғызстан
Мәселен Қырғызстан биыл ақпаннан бастап қоғамдық орындарда ниқаб киюге тыйым салатын заң күшіне енді. Ниқаб киген әйелдерге 20 мың сом (шамамен 230 доллар) айыппұл салынады. Бұл шешімді жақтаған депутаттар жүзді көрсетпейтін киім қауіпсіздікке қатер төндіреді, қоғамдық орындарда адамдардың идентификациясын қиындатады деп түсіндірді. Заң ниқабқа тыйым салғанымен, орамал мен хиджабқа шектеу қоймайтыны айтылды. Жаңа тыйым Қырғызстанда жылдар бойы ниқаб төңірегіндегі пікірталастан соң қабылданды. Кейінгі жылдары депутаттар елдің кей өңірінде ниқаб киетін әйелдер көбейіп кетті деп дабыл қаққан.
Өзбекстан
Ал Өзбекстан билігі 2023 жылдың қазанында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тануға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салатын заң қабылдады. Президент Шавкат Мирзиёев қол қойған бұл заң "Қауіпсіз қала" бейнебақылау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында бет-жүзді жасыратын киімге шектеу қояды деп түсіндірілді. Ереже бойынша, медициналық, кәсіби, мәдени немесе спорттық қажеттілікпен байланысы болса, беті жабылатын киім киюге уақытша рұқсат етіледі. Заңды бұзғандарға 445 мыңнан 890 мың сумға дейін (шамамен 405–810 доллар) айыппұл салу көзделген. Ресми тұлғалар бұл шараны экстремизмнің алдын алу және зайырлы қоғам құндылықтарын қорғау ниетімен байланыстырады.
Түркіменстан
Түркіменстанда ниқаб пен паранжаға қатысты арнайы заң қабылданбаса да, әйелдердің исламдық үлгідегі киім киюіне бейресми шектеулер қатаң. Елде мемлекеттік мекемелерде және көпшілік іс-шараларда әйелдерден дәстүрлі түркімен ұлттық киім кию талап етіледі, сондықтан хиджаб не ниқаб кию іс жүзінде мүмкін емес. Халықаралық ұйымдардың хабарлауынша, кейінгі жылдары билік өкілдері бірнеше әйелге қоғамдық орындарда орамалын шешкізген жағдайлар тіркелген. Ресми тұрғыда Түркімен билігі ұлттың дәстүрлі келбетін сақтау қажеттігін алға тартады және сырттан келген "жат" сәнге, оның ішінде шетелдік діни киім үлгілеріне қарсы саясат ұстанады.
Тәжікстан
Ұзақ жылдар бейресми тыйым салынып келген діни киімдерге Тәжікстан билігі 2024 жылы заң жүзінде шектеу енгізді. Былтыр маусымда Тәжікстан парламенті "дәстүрлер мен мерекелер туралы" заңға түзетулер қабылдап, "ұлттық мәдениетке жат" саналатын киімдер киюге, сатуға және жарнамалауға тыйым салды. Бұл термин билік риторикасында негізінен исламдық үлгідегі әйел киімін, соның ішінде хиджаб пен ниқабты меңзейді. Жаңа заң бойынша аталған талаптарды бұзған жеке тұлғаларға шамамен 740 доллар мөлшерінде, лауазымды тұлғалар мен ұйымдарға одан едәуір жоғары айыппұл салу қарастырылған. Тәжікстан зайырлы мемлекет ретінде көп жылдан бері мектептер мен мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге фактілі түрде тыйым салып келген. Билік мұндай шараларды экстремизмнің алдын алу және ұлттық бірегейлікті қорғау мақсатымен түсіндіреді, яғни "бөтен мәдениет элементтерімен күрес" деп сипаттайды.
ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ ТӘРТІП ҚАНДАЙ?
Ресей
Ресейде федералдық деңгейде ниқаб немесе пәренжі киюге жалпыға бірдей тыйым заң жүзінде жоқ. Ел конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондықтан ресми органдар нақты шектеу қоюдан тартынып келеді. Дегенмен, кей жергілікті деңгейде және жекелеген жағдайларда шектеулер болды. Мысалы, былтыр маусымда Дағыстан Республикасында болған терактілерден кейін Дағыстан мұсылмандар діни басқармасы қауіпсіздік мақсатында әйелдердің ниқаб киюіне уақытша тыйым салатынын мәлімдеді. Террорлық шабуылдың бір қатысушысы қашып құтылу үшін ниқаб пайдаланбақ болғаны анықталған соң, енгізілген бұл шара аймақтағы қауіп сейілгенше күшінде болатыны хабарланды. 2023 жылы Мемлекеттік думаның кей депутаттары қоғамдық орындарда бет тұмшалауға тыйым салу туралы бастама көтергенімен, ол Ресейдің мұсылман қауымдары тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады.
Германия
Германияда ниқаб пен пәренжіге тұтас ел бойынша тыйым салынбаған. Бірақ кейбір салаларда ішінара шектеу енгізілген. 2017 жылы Германия парламенті мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс барысында бетін толық жабатын діни киім киюіне тыйым салатын заң қабылдады. Яғни, соттар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және әскери қызметтегілерге жұмыста ниқаб киіп жүруіне болмайды. Парламент "діни не идеологиялық мақсатта бетті жабу мемлекеттік қызметкердің бейтараптығына қайшы" деп тапты. Сондай-ақ Германияда ниқаб киген әйел құжатты сәйкестендіру сияқты тексеру кезінде жүзін көрсету міндеттеледі.
Франция
Франция — ниқабқа қатаң шектеу енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі. 2010 жылы Франция бүкіл қоғам ішінде жүзді толық жабатын киімді киюге тыйым салатын заң қабылдап, 2011 жылдан бастап қоғамдық орындарда ниқаб киюді толық тыйды. Бұл заң бойынша көшеде, парктерде, сауда орындарында, көлікте және өзге де қоғамдық кеңістікте беті тұмшаланған әйелдерге 150 еуроға дейін айыппұл салынады. Франция үкіметі бұл тыйымды "республика құндылықтарын, зайырлылық принципін және қоғамдағы қауіпсіздік пен "бірге өмір сүру" нормасын қорғау" мақсатында енгізгенін мәлімдеген. Алайда бұл заң қабылданған сәттен бастап ел ішінде де, халықаралық деңгейде де үлкен дау тудырды. Франциядағы мұсылман қауымының өкілдері және кейбір құқық қорғаушылар бұл тыйымды ислам дінін ұстанушыларды кемсітетін саясаттың көрінісі деп бағалады.
АҚШ
АҚШ-та ниқаб пен пәренжі киюге қандай да бір федералдық немесе штаттық заңмен тыйым салынбайды. Керісінше, АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуі дін бостандығын қорғайды. Сондықтан мемлекеттік органдар азаматтардың діни киім кию құқығын шектеуден аулақ. АҚШ-та мұсылман әйелдердің ниқаб киюіне рұқсат етілген, тек жеке тұлғаны сәйкестенджіру қажет жағдайда бетті уақытша ашу талабы қойылуы мүмкін. АҚШ қоғамында қауіпсіздік немесе гендерлік теңдік тұрғысынан ниқабты сынайтын пікірлер кездескенімен, мемлекеттік деңгейде ондай ұстаным қолдау таппаған.
Дінтанушы пікірі
Заң жобасы парламент қарауына түскен сәттен бастап бұл тақырып әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Шешімді құптағандар да, бұдан маңызды мәселе жоқ па деп сынағандар да, мұны адамның еркін шектеу деп наразы болғандар да бар. Дінтанушы Елнар Берікбаев Қазақстан қоғамында үнемі дауға ұшырайтын діни киімді кию-кимеу мәселесін діни сауатсыздықтан көреді. Оның сөзінше, хиджаб – шариғатта бар ұғым және бұл киім әйел адамның шашы мен мойнын жауып, адамның бет-жүзін жаппайды.
"Хиджаб – орамал емес, ол – толыққанды киім. Бәлкім әйелдің әурет жерін жауып тұратын капюшоны бар жемпір болуы мүмкін. Ал ниқаб – ислам дініне қатысы жоқ киім үлгісі. Ниқаб – адамның келбетін толық жауып, көзін ғана ашық қалдыратын орамал. Құранда да, Мұхаммед пайғамбардың сүннетінде де әйел адамның бетін жабу керек деген үкім жоқ. Егер ол шынымен міндеттелсе, қажылық кезінде әйелдердің тұмшаланып жүргенін көрер едік. Бірақ қажылық кезінде әйелдердің бет-жүзін жасыруға тыйым салатын арнайы үкім бар. Мұсылмандар әлемінде мойындалған Әл-Азһар университетінің шейхтері ниқаб кию белгілі бір ағымның дәстүрі деген еді. Сол себепті шариғат бойынша оны ешкім реттей алмайды" дейді ол.
Берікбаевтың айтуынша, ниқабқа тыйым салу, діндарлардың құқығын шектейді деушілер мұны Еуропалық сотта да дәлелдей алмаған. Франция, Германия, Бельгия және Орталық Азия елдерінің тәжірибесін мысал еткен маман бұл шараны қауіпсіздік мәселесі деп қарастырған жөн дейді.
"Кешіріңіз, сенің құқығың басқаның құқығы басталған жерде-ақ аяқталады. Қауіпсіздік құқығы деген бар. Адамдар бет-жүзін жасырып, қап-қара киініп алғандардың жанында өзін жайсыз сезініп, сескенеді. Алдыңда тұрған кім екенін білу мүмкін емес. Ауғанстанда пәренжі-ниқаб киіп алып, теракт жасаған оқиғаларды естідік. Ланкестер осы киімді киіп, полицияның жанына барып атып тастаған. Мұндай мысалдар көп, Пәкістанда, Самалиде, Дағыстанда ниқабты өз ыңғайына пайдаланып, теракт жасады. Өйткені ол жақтағы мәдениетте ниқаб не паранжа киген әйелге жақындап, тексеру мүмкін емес" деді ол Азаттыққа.
ПІКІРЛЕР