ЖАҢАЛЫҚТАР
АҚШ Google компаниясына айыппұл салды

Сауда комиссиясы компания тұтынушыларының жеке бас мәліметтерін құпия сақтауға уәде бергенімен, cookies компьютерлік кодын пайдаланғанын айтады. Бұл код мәліметтерді құпия сақтау қондырғыларын айналып өтіп, тұтынушыларының нені іздейтінін қадағалап отыруға мүкіндік береді. Осы арқылы жарнамалық хабарландыруларды кім ілгенін де анықтауға болады.
22,5 миллион АҚШ доллары - сауда комиссиясы тарихында салынған ең көп айыппұл. Дегенмен, Wall Street Journal -дың дерегі бойынша, бұл сома Google-дың бес сағатта табатын табысымен бірдей.
Басқа да жаңалықтар
Террористік топтар қызметіне қатысқан деп айыпталған өзбекстандық 16 жылға сотталды

Өзбекстанда Қашқадария облысының 46 жастағы тұрғыны Обид Сапаровқа қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Сапаров бірнеше халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне араласқан және Өзбекстан аумағына жасалған зымыран шабуылына қатысқан деп айыпталды.
Өзбекстандық басылымдар тергеу материалдарына сүйеніп, Сапаров 2013 жылдан бастап Қашқадарияда діни-экстремистік "Жиҳодчилар" тобын ұйымдастырған, кейін "Түркістан ислам қозғалысының" және кейін "Хорасан уәлаяты Ислам мемлекеті" (ИМ-Хорасан) террористік ұйымдарының белсенді мүшесіне айналған деп жазды. Ол содырлар қатарына қосылу және олардың қызметіне қатысу мақсатымен Ресей, Әзербайжан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан сияқты елдердің шекарасын бірнеше рет кесіп өткен делінеді.
Тергеу деректерінде Сапаров әскери және диверсиялық дайындықтан өтіп, Пәкістан, Ауғанстан үкімет күштерімен және АҚШ коалициялық әскерімен болған қарулы қақтығыстарға қатысқан деп жазылған. 2016 жылдан 2024 жылға дейін ол "Ислам мемлекеті" террористік тобы қанаты астында адам тарту, логистикамен қамтамасыз ету, медиада үгіт-насихат жүргізу және террорлық шабуылдар дайындаумен айналысқан.
Сапаровтың қатысуымен жасалған ең ауыр қылмыстардың бірі — 2022 жылғы 5 шілдеде жасалған зымыран шабуылы. Сол күні Ауғанстан аумағынан Өзбекстанның Сұрхандария облысындағы Термез қаласын нысанаға алып атылған бес зымыран тұрғын үйлер мен қалалық санитарлық қызмет аумағына түскен. Шабуыл салдарынан жергілікті халықтың мүлкі бүлінген. Тергеу барысында Сапаровтың ИМ жетекшілерінің бірінің нұсқауы бойынша, қолдан жасалған реактивті снарядтар сақтаумен, тасымалдаумен және ұшыруға дайындаумен тікелей айналысқаны дәлелденді деп жазды өзбекстандық басылымдар.
Обид Сапаров 2025 жылдың қаңтар айында Пәкістанда ұсталып, кейін Өзбекстанға экстрадицияланған. Сот процесі барысында ол кінәсін жартылай мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтып, үйлі-баранды екенін және бұрын сотты болмағанын ескеруді сұрады. Сот оны Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің алты бабы, оның ішінде терроризм, диверсия, конституциялық құрылымға қол сұғу, тыйым салынған ұйымдарға қатысу және экстремистік материалдар тарату баптары бойынша айыпты деп таныды.
Сот Обид Сапаровты 16 жылға бостандығынан айырды, ол жазасын жалпы тәртіптегі қамау мекемесінде өтейді.
Зымыран шабуылы қылмысына айғақ деп танылған зымыран сынықтары Қорғаныс министрлігінің әскери бөліміне тапсырылған. Олар енді Термезге жасалған зымыран шабуылына байланысты қозғалған жеке қылмыстық істе дәлел ретінде пайдаланылмақ.
Бакуде ресейлік RT телеарнасы бөлімшесінің журналисі ұсталған

Бакуде Ruptly видеоагенттігінің журналисі Айтекин Гусейнова "Sputnik Әзербайжан" редакциясындағы тінтуді түсіріп жүрген кезде ұсталғаны туралы агенттік журналистің анасының сөзіне сүйеніп хабарлады. Журналистің ұсталуына не себеп болғаны айтылған жоқ.
30 маусым күні таңертең Бакудегі "Sputnik Әзербайжан" редакциясында тінту жүргізілген. Әзербайжан ішкі істер министрлігі басылымның аккредитациясы ақпан айында тоқтатылғанына қарамастан редакция "заңсыз қаржыландырылып", жұмысын жалғастырған деп айтты.
Тінтуден кейін құқық органдары бас редактор Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусовты ұстаған. Әзербайжан басылымдары ұсталған екі адамның Ресейдің федерациялық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) байланысы болуы мүмкін деп жазды, бірақ ресми түрде расталған ондай ақпарат жоқ.
"Sputnik Әзербайжан" редакциясындағы тінту Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасының бірнеше өкілі 2000-жылдардың басындағы кісі өлтіру және қастандық қылмыстарын тергеу істері бойынша күдікті ретінде ұсталғаннан кейін Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас ушығып жатқан шақта жүргізілді. Екатеринбургте полицияның күдіктілерді ұстау операциясы барысында екі адам қаза тапқан, тағы екеуі зардап шеккен. Ресейдің Тергеу комитеті адамдардың өлімінің жай-жапсарын тексеріп жатыр.
Ресми Баку Ресейге наразылық білдіріп, Екатеринбургтегі адамдардың өліміне қатысты ашық тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Әзербайжанда Ресейдің қатысуымен өтеді деп жоспарланған барлық мәдени шаралар тоқтатылды.
Ruptly видеоагенттігі — кремльшіл RT телеарнасының бөлімшесі. Бұл телеарна Дмитрий Киселёв пен Маргарита Симоньян басқаратын "Россия сегодня" медиахолдингі құрамына кіреді. Sputnik агенттігі де осы холдингтің құрамында.
Медиа: Ресейде журналист Юрий Дудьке қарсы қылмыстық іс қозғалған

Ресейлік журналист Юрий Дудь заңда көрсетілген "шетел агенті" міндеттерін орындамағаны үшін, құқық қорғау органдары оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұл ақпаратты тергеу органдарына сүйеніп, РИА "Новости" таратты.
Бұған дейін Мәскеу қаласы прокуратурасының Тергеу комитетіне жолдаған тексеру материалдарында Дудь екі рет "шетел агенті" белгісін көрсетпегені үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны, алайда ол содан кейін де мессенджерде жариялаған жазбаларына әлгіндей белгі қоймағаны айтылған.
Ресей заңы бойынша, бір жыл ішінде осындай құқық бұзу әрекеті қайталанатын болса, ол адамды "шетел агенті" міндеттерінен жалтарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартуға негіз болады. Қылмыстық кодекстің тиісті бабында ондай іс-әрекеті үшін айыпта деп танылған адамға екі жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта Дудь Ресейден тыс жерде жүр.
Журналист Юрий Дудь 2022 жылдың сәуірінде Ресейдегі "шетел агенті" тізіміне енгізілген. Бұған себеп ретінде оның өзге "шетел агенттерінен" дәйексөз келтіргені және YouTube арқылы жарнамадан шетелдегі көздерден қаржы алғаны айтылған.
Ливия жағалауында Ресей мұнайы тиелген танкерде жарылыс болды

Ливия жағалауындағы теңізде бір миллион баррель мұнай тиелген Vilamoura танкерінде жарылыс болған, деп хабарлады Bloomberg агенттігі.
Жүк кемесінің иесі саналатын грекиялық TMS Tankers компаниясы жарылыс салдарынан танкердің машина бөлімі суға толып кеткенін айтқан. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген, мұнай төгілгені туралы дерек жоқ. Қазір кемені тіркеп алып, келген залал көлемін анықтау үшін Грекияға апара жатыр деп жазды агенттік.
Кеме қозғалысын тіркеп отыратын сервистердің мәліметінше, Vilamoura биыл сәуір айында ресейлік Усть-Луга портына тоқтап, сол жерде қазақстандық мұнайды тиеп алған. Мамыр айында Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының терминалына барған. Танкер Ливиядағы Зейтина портынан Гибралтарды бетке алып жүзіп бара жатқан кезде жарылыс болған.
Теңіздегі қауіп-қатерді бағалаумен айналысатын Vanguard Tech компаниясының деректері бойынша, жыл басынан бері ресейлік порттарға кіріп-шыққан кемелерде осыған ұқсас кемінде төрт оқиға тіркелген. Содан кейін кеме иелері жарылғыш заттар қойылмағанына көз жеткізу үшін танкерлерді тексеретін болған.
Жыл басынан бері осындай оқыс оқиғалардың бірнешесі тіркелген – ақпанда Ливия жағалауында Grace Ferrum танкерінде жарылыс болды, Италияның Савона портында Seajewel танкері екі жарылыстан зақымданды, қаңтарда Жейхан порты маңында Seacharm танкерінде жарылыс болған. Бұл кемелердің бәрі санкцияны айналып өтіп, Ресей мұнайын тасымалдаған деген болжам айтылады.
Сондай-ақ, 9 ақпанда Усть-Лугада портында 130 мың тонна мазут тиелген Koala танкерінің машина бөлімінде жарылыс болған. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл кеме санкциядан жалтарып, Ресей мұнайын тасиды делінетін Кипр компаниясына тиесілі.
Ресейдің "тасадағы флотына" жататын көптеген кемеге АҚШ, Еуропа одағы, Канада және Австралия санкциялар салған.
Қарағандылық белсенді Бақытжан Жансейітовтің үйін полиция тінтіп, өзін алып кеткен

30 маусым күні қарағандылық белсенді Бақытжан Жансейтовтың үйіне полиция тінту жүргізіп, біршама затымен қоса белсендіні алып кеткен. Бұл туралы оның зайыбы Думан Нөгербекова дүйсенбі күні әлеуметтік желіде тараған видеода айтты.
– Таңертең үйге бет-жүзіне маска тағып алған төрт адам келді. Екеуі видеоға түсіріп тұрды, екеуі тінту жүргізді. Қастарында екі куәгері бар, олар бұл жақтың адамдарына ұқсамайды, – деді Думан Нөгербекова.
Оның айтуынша, полиция тінтуді таңертеңгі сағат тоғызда бастаған.
– Олар келген кезде балалар ұйықтап жатқан, оларды шошытып, үйді астан-кестеңін шығарып тінту жүргізді, не іздегенін білмейміз, өздері айтпады, әйтеуір телефондарымызды, флешкаларды – бәрін алып кетті. Телефонымды қызым ұстап тұрған, әлгілердің біреуі оның қолынан телефонды жұлып алды. Жұртқа жарияламау туралы бір қағазға қол қойғызды, оның не екенін де білмейміз, – деді Нөгербекова.
Ол жұбайын билік өкілдері саяси көзқарасына бола ұстап әкетті деп есептейді.
Азаттық Бақытжан Жансейтовтің не себепті ұсталғанына байланысты Қарағанды полициясынан түсініктеме алуға талпынып көрді. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров телефон қоңырауына жауап бермеді.
22 мамырда Қарағанды соты жергілікті белсенді Бақытжан Жансейітовті 15 күнге әкімшілік қамауға алған. Сот шешімінде жауапкер "31 мамырда Қарағандының орталық саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шеруге қатысуға үгіттеген" деп жазылған. Жансейітов өзіне тағылған айыпты мойындамаған және өзінің аккаунты бұзылғанын айтқан.
Антикор: бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға сотталды

Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.
"Марат Бекетаев мүлкі тәркілене отырып 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-әділет министрінің үстінен қозғалған қылмыстық іс алаяқтық, аса ірі көлемде жымқыру, кәсіпкерлікке қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша тергелді. Тергеу "құпия" түрде жүргендіктен, іс материалдары мен қылмыстың мән-жайы жарияланбайды", – деді Бигайдаров.
2016-2022 жылдары әділет министрі болған Бекетаев Қаңтар оқиғасынан кейін лауазымнан босатылған. Сосын 10 ай премьер-министр кеңесшісі қызметін атқарды. Ал 2023 жылғы қазанда "билік өкілетін асыра пайдалану" күдігімен ұсталып, екі айға қамалған. Содан бері абақтыда отыр.
Тергеу органдарының болжамынша, күдікті "қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдап", сол арқылы "мемлекетке үлкен зиян келтірген". Бас прокуратура өкілдері экс-министр Қазақстаннан қашуға оқталған кезде ұсталды деп мәлімдеген.
Жемқорлыққа қарсы агенттік ҰҚК-ға қосылады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылды.
Осылайша коррупциямен күресу үшін құрылған агенттік жеке орган ретінде статусын жоғалты. Оның орнына ҰҚК құрамында коррупцияға қарсы қызмет деген жеке ведомство құрылады.
ҰҚК бір айдың ішінде президентке жаңа қызмет пен штат саны бойынша ұсынысты жіберу керек.
Үкімет 1 қыркүйекке дейін мәжіліске осы өзгеріс туралы тиісті заң жобасын ұсынуы тиіс. Ал Мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттік бұл өзгерісті екі айдың ішінде жүзеге асыруы керек.
Тоқаев бұл шешімді "мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жаңғырту және арттыру" деп түсіндіреді.
Жемқорлықпен күрес ведомствосы 2003 жылдан бері бірнеше рет реформаланды. Алдымен мемлекеттік кірістер министрлігіне қарады. Кейін экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі болып жеке шықты. Одан соң Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы болды.
2019 жылы маусымда бюро президентке тікелей бағынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болған еді.
Қазақстан биыл Қазақстан Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде 5 саты жоғары көтеріліп, 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтаған. Қазақстан 5 жыл бұрынғы есепте 3113-орында болған еді.
Ресей Еуроодақ санкцияларына жауап ретінде еуропалық 15 БАҚ-қа бұғат қойғанын айтты

Ресейдің сыртқы істер министрлігі ел аумағында 15 еуропалық басылымға шектеу енгізілгенін хабарлады. Министрлік олар қандай басылымдар екенін нақтыламады.
Ресей СІМ мұндай шара Еуропа одағының 16-санкциялар пакетіндегі шектеулерге жауап ретінде қабылданғанын айтты. Аталған санкциялар аясында бірқатар ресейлік басылымдарға шектеу енгізілген. Олардың арасында Eurasia Daily, Fondsk, Lenta, News Front, Rubaltic, South Front, Стратегиялық мәдениет қоры және "Красная звезда" басылымы бар.
"Егер отандық басылымдар мен ақпарат арналарына қарсы шектеулер алынатын болса, Ресей тарабы да еуропалық БАҚ-қа қатысты шешімін өзгертуге дайын", – деген министрлік.
• Еуропа одағының 16-санкциялар пакеті 2025 жылғы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толғанына орай қабылданды. Жалпы алғанда, санкцияларға 48 жеке тұлға мен 35 заңды тұлға ілінді. Олардың арасында Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесті делінген Үндістан, Қазақстан, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Түркия және Өзбекстанның компаниялары бар.
Медиа: АҚШ Иран шенеуніктерінің америкалық шабуыл жайлы сөзін жазып алған

АҚШ Иранның екі шенеунігінің телефон әңгімесін жазып алған. Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған шабуылды талқылаған екеуі әңгіме барысында шабуылдың қиратып-бүлдіргені күткендегіден аз болғанын айтқан. The Washington Post басылымы мұндай ақпаратты құпия барлау деректерімен таныс төрт дереккөзге сүйеніп хабарлады.
Ақ үй телефон әңгімесі жазылып алынғанын жоққа шығармады, бірақ ирандық шенеуніктердің тұжырымына келіспейтінін білдіріп, олардың АҚШ шабуылы нысанаға алған үш ядролық нысанға келтірілген залалды бағалай алу қабілетіне күмән келтірді.
"Аты-жөні аталмаған ирандық шенеуніктер жүздеген фут үйінді астында не болып жатқанын біледі деу – абсурд. Олардың ядролық қару жасау бағдарламасы бітті", – деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.
Ұлттық барлау директоры басқармасы газетке "барлау деректерінің бір үзігі барлаудың толық суретін көрсете алмайды", – деп мәлімдеген.
"Аты-жөні аталмаған ирандықтар арасындағы бір телефон әңгімесі – көптеген дереккөздерден алынған дәлелдер жиынтығына сүйенген барлау бағасымен бірдей емес", – деген АҚШ барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі.
• Бұған дейін Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Иран байытылған уран өндіруді қайта бастау үшін техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалды және бұл процесті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алады деп мәлімдеген. Оның сөзінше, Иранның ядролық нысандарына Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдар елеулі болғанымен, түпкілікті күйрететіндей залал келтірмеген.
• Израиль мен АҚШ шабуылдар жасап болғаннан АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық ядролық нысандар толығымен жойылды деп мәлімдеді. CNN мен The New York Times дереккөздері бұл шабуылдар Тегеранның ядролық бағдарламасын уақытша ғана тоқтатты деп айтқан. Financial Times басылымының дерегінше, жоғары деңгейде байытылған уранның елеулі бөлігі сол қалпында сақталған.
Бакуде полиция "Sputnik Әзербайжан" кеңсесінде тінту жүргізді

Бакуде полиция қызметкерлері ресейлік "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің кеңсесіне тінту жүргізді. Бұл туралы жергілікті APA және Report басылымдары хабарлады. Оның мән-жайы әзірше белгісіз.
"Россия сегодня" медиа-тобының бас редакторы Маргарита Симоньян Ресейдің Бакудегі елшілігінің қызметкерлері аталған басылымның кеңсесіне барған деп айтты. "Қызметкерлер хабарласпай жатыр – оларды телефонмен сөйлестірмей отырған тәрізді. Арасында Ресей азаматтары да бар", – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.
Биыл ақпанда Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Ғаджизаде "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің жабылғанын мәлімдеген, әрі бұл медиа құралына тек бір тілшіге аккредитация берілетінін айтқан. Report басылымының жазуынша, агенттік соған қарамастан жұмысын "жалғастырғаны және оның қызметкерлері жұмысқа барып жүрген".
Осыдан кейін Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Рахман Мустафаевты Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрлігіне шақыртқан. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
"Бакудың достыққа сай келмейтін әрекетіне байланысты және Әзербайжан билігінің жылдар бойы ешқандай мін тақпаған ресейлік журналистердің Бакуде ұсталуына байланысты Әзербайжан елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылды" деді ол.
Әзербайжан билігі "шетелде жұмыс істейтін әзербайжандық мемлекеттік басылымдардың журналистері мен Бакудегі шетелдік журналистердің жағдайын теңестіру мақсатында "Sputnik Әзербайжан" агенттігінде жұмыс істейтін 40 қызметкердің орнына 1 адам ғана қалдыруды ұйғарған.
Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Екі адам қаза болып, тағы екеуі рейд кезінде қатты зардап шеккен. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатеринбургте ауыр қылмыстарды тергеу аясында күдіктілер ұсталған, құқық қорғау органдары жағдайды бақылап отыр деп мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.
Жағдай шиеленісіп жатқан шақта Әзербайжанның парламенттік делегациясы республиканың Мәжілісі мен Ресей федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды. Әзербайжан парламентінің мәлімдемесінде ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің "ашық жасаған және заңсыз әрекеттері" салдарынан әзербайжандықтар арасында қаза болған адамдар бары айтылған.
Германия мен Израиль бірлескен киберзерттеу орталығын құрмақ

Германия Израильмен бірлесіп киберзерттеу орталығын құруды және екі елдің барлау мен күштік құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Мұны Bild басылымына берген сұхбатында Германияның ішкі істер министрі Александр Добриндт айтқан.
Добриндт бұл жоспарды Тель-Авив маңындағы Бат-Ям қаласына сапармен барған кезде жария етті. Бұл қала жақында Иранның зымыран шабуылынан зардап шеккен болатын. Министрдің сөзінше, бес тармақтан тұратын жоспар Германияның ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі саналатын «кибер күмбез» жүйесін құруды көздейді.
Болжам бойынша, Германия мен Израиль бірлескен жұмыс аясында киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, азаматтық қорғаныс пен ерте ескерту жүйелерін жетілдірмек, барлау қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтіп, бірлескен зерттеу орталығы құрмақшы және дрондарға қарсы технологияларды дамытуды қолға алмақ.
Ішкі істер министрі қызметіне биыл мамыр айында кіріскен Добриндт – Израиль мен Иран арасында болған қарулы қақтығыстан кейін Германия үкіметінің Израильге сапармен барған алғашқы өкілі.
• Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс шырау шегінен асып, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына шабуыл жасады. Салдарынан Иранның әскери басшылығының мүшелері, Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысы бар делінетін бірнеше иран ғалымы қаза тапты. Израиль бұл операцияның мақсаты — Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін жою деп мәлімдеді. Израиль шабуылына қарымта ретінде Иран Израильге зымырандар атты.
МАГАТЭ: Иран уран байытуды жақын арада қайта бастауға қабілетті

Иран байытылған уран өндіруді қайта бастауға қажет техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалды және бұл өндірісті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алады. CBS телеарнасына берген сұхбатында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Израиль мен АҚШ Иранның ядролық нысандарына айтарлықтай шабуылдар жасағанымен, түпкілікті күйрететіндей залал келтірмеген.
"Олар бірнеше ай ішінде – тіпті одан да ерте – бірнеше центрифуга каскадын қайта іске қосып, байытылған уран өндірісін бастай алады. Бәрі жойылды, ештеңе қалмады деп кесіп айтуға болмайды", – деді Гросси.
Бұған дейін Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдардан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары толығымен жойылды деп мәлімдеген еді. Алайда CNN мен The New York Times дереккөздерінің хабарлауынша, бұл шабуылдар тек Тегеранның ядролық бағдарламасын уақытша ғана тоқтатқан. Financial Times басылымының мәліметінше, жоғары деңгейде байытылған уранның айтарлықтай бөлігі сол қалпында сақталған.
Сенатор Грэм: Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді қолдады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын алға жылжытуды қолдаған. Мұны осы бастаманың авторы, республикашыл сенатор Линдси Грэм ABC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
"Кеше, біз гольф ойнап жүргенде, президент алғаш рет маған осы заң жобасын алға жылжытатын уақыт келгенін айтты", – деді Грэм.
Оның сөзінше, сенаторлар Трампқа Ресей президенті Владимир Путинді Украина жөнінде келіссөз жүргізуге мәжбүрлейтін құрал беріп отыр.
Бұған қоса Грэм заң жобасы қалай жұмыс істейтінін де айтып берді. Егер әлдебір ел Ресейден тауар сатып алып, алайда Украинаға көмек көрсетпесе, онда сол елдің АҚШ-қа экспортына 500 пайыз көлемінде кеден бажы салынады. Сенатор сондай елдерге мысал ретінде Үндістан мен Қытайды атады, себебі олар Ресейден энергия ресурстарын сатып алып, Ресейдің қорғаныс саласына қолдау танытып отыр.
Грэмнің сөзінше, бұл бастаманы қазірдің өзінде 100 сенатордың 84-і қолдаған. Құжат шілде айындағы үзілістен кейін, 7 шілдеден бастап қаралады деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Трамп Ресейге қарсы санкциялар туралы қарама-қайшы пікірлер білдірген еді – біресе оларды енгізуге дайын екенін айтса, енді бірде Мәскеу мен Киев арасындағы болуы ықтимал келіссөздерге кедергі келтірмеу үшін санкция салудан бас тартқысы келетінін мәлімдеген.
The Wall Street Journal басылымы дереккөздерінің хабарлауынша, Ақ үй сенатор Грэмді Ресейге қарсы санкциялар туралы заң жобасын жұмсартуға көндіруге тырысқан. Сенаторға заң жобасына Трампқа санкцияны кімге немесе неге қолдану керектігін өзі шешуіне мүмкіндік беретін өзгертулер енгізу ұсынылған. Оған қоса құжаттағы "міндетті" деген сөзді "мүмкін" деген сөзге алмастыру жөнінде ұсыныс жасалған, олай болған жағдайда заңдағы талаптың міндетті сипаты жойылады деп жазады басылым.
Әзербайжан Ресеймен байланысты барлық іс-шараны тоқтатты

Әзербайжанда Ресейдің мемлекеттік және жеке мекемелері жоспарлаған барлық бірлескен мәдени іс-шаралар тоқтатылды. Әзербайжан мәдениет министрлігінің хабарлауынша, мұндай шешімнің қабылдануына Ресейдің Екатеринбург қаласында ресейлік құқық қорғау органдарының "әзербайжан ұлты өкілдеріне қарсы мақсатты түрде жасаған әрекеттері" себеп болған.
Осыған байланысты ресейліктердің қатысуымен өтеді деп жоспарланған концерттер, фестивальдер, көрмелер, спектакльдер мен өзге де мәдени іс-шаралар тоқтатылады. Алдын ала билет алған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады.
Жағдай шиеленісіп жатқан шақта Әзербайжанның парламенттік делегациясы республиканың Мәжілісі мен Ресей федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды.
Әзербайжан парламентінің мәлімдемесінде ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің "ашық жасаған және заңсыз әрекеттері" салдарынан әзербайжандықтар арасында қаза болған адамдар бары айтылған.
Әзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Екі адам қаза болып, тағы екеуі рейд кезінде қатты зардап шеккен. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Әзербайжандағы орыс қауымдастығы Ресей тарапының іс-әрекетін айыптап, Екатеринбургте болған оқиғаны объективті түрде тергеуге үндеді.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатерингбургтегі тұтқындаулар ауыр қылмыстарды тергеу аясында жүргізілгенін және жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.
E1.ru порталының хабарлауынша, 2001 жылы Екатеринбургте Әзербайжан тумағы Юнис Пашаевты пышақтап, өлтіріп кеткен. Ол кезде жергілікті "Каспий" кафесінің иелері – ағайынды Гусейн және Зияддин Сафаровтар осы қылмысқа негізгі күдіктілер ретінде аталған. Олар биыл 27 маусымда билік өкілдері ұстамақшы болған кезде қаза тапқан деген ақпаратты РБК-ға құқық қорғау органдарындағы дереккөз растаған.
Тергеу аясында Екатеринбург соты 29 маусым күні Мазахир, Акиф және Аяз Сафаровтарды 19 шілдеге дейін қамауға алуға шешім шығарды. Оларға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылып отыр. Сот залынан түсірілген суреттерде ұсталған адамның бірінің беті ісіп тұрғаны көрінеді.
Тағы үш күдікті – Ахлиман Гянджиев, Шахин Лалаев және Бакир Сафаров 72 сағатқа уақытша қамауға алынды. Оларға бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі кейінірек қаралмақ.
Астанада бокстан өтетін әлем кубогы кезеңіне қатысатын қазақстандықтар анықталды

30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінің сайыстары өтеді.
Осы жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасы қатарында қатысатын әйелдер мен ерлер командалары анықталды деп хабарлады 29 маусым күні Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті.
Әйелдер командасы:
Назым Қызайбай - 48 келі салмақ дәрежесінде;
Алуа Балқыбекова - 51 келі;
Әнел Сақыш - 54 келі;
Айдана Забынбекова - 57 келі;
Виктория Графеева - 60 келі;
Аида Әбікеева - 65 келі;
Наталья Богданова - 70 келі;
Надежда Рябец - 75 келі;
Гүлсая Ержан - 80 келі;
Елдана Тәліпова - 80 келіден жоғары салмақта.
Ерлер командасы:
Санжар Тәшкенбай - 50 келі;
Махмұд Сабырхан - 55 келі;
Серік Теміржанов - 60 келі;
Ертуған Зейнуллинов - 65 келі;
Абылайхан Жүсіпов - 70 келі;
Сабыржан Аққалықов - 75 келі;
Нұрбек Оралбай - 80 келі;
Бекзад Нұрдәулетов - 85 келі;
Сағындық Тоғамбай - 90 келі;
Айбек Оралбай - 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде.
ПІКІРЛЕР