30 маусым күні кешке Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы Фархор ауданының Кизису ауылында қайғылы оқиға болды. Жергілікті тұрғын әйел төрт кішкентай баласымен бірге Сурхоб өзеніне секіріп кеткен. Куәгерлер оқиға болған жерден түсірілген видео мен фотоларды Азаттықтың Тәжік қызметіне – Озоди радиосына жолдаған.
1 шілде күні таңертең Тәжікстанның төтенше жағдайлар комитеті өзенге секірген әйел аман қалғанын, ал оқиға салдарынан мерт болған екі баласы өзеннен табылғанын хабарлады. Тағы екі бала әлі табылған жоқ, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Балалардың жасы мен әйелдің мұндай әрекетке не себептен барғаны туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Озоди радиосының дереккөздері құқық қорғау органдары әлгі әйелді ұстағанын хабарлады. Осы оқиғаға байланысты Тәжікстан Қылмыстық кодексінің "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу ісімен Фархор ауданы прокуратурасы айналысып жатыр деп хабарлады Озоди радиосы.