Ресейлік блогер Илья Варламовқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылды

Ресейлік блогер Илья Варламов

Ресейлік блогер Илья Варламовқа Қылмыстық кодекстің екі бірдей — "шетел агенті" ретінде өз міндеттерін орындаудан жалтару және өшпенділік себебімен әскери "жалған ақпарат" тарату баптары бойынша айып тағылып отыр, деп жазды "Медиазона".

Сейсенбі, 1 шілде күні Мәскеу қаласының прокуратурасы Илья Варламовтың ісі бойынша айыптау қорытындысы бекітілгенін хабарлады. Енді бұл істі мазмұны мен мәні бойынша қарау үшін Мещан аудандық сотына жолдамақ.

Блогерді әскери "жалған ақпарат" бабы бойынша қудалауға ілік ретінде билік "Варламов Ресей Федерациясынан тыс жерде жүріп, саяси өшпенділік себептерімен" видеохостингтердің бірінде "Ресей армиясы пайдаланылып отырғаны туралы жалған деректер" жариялаған дегенді алға тартты.

Ал Илья Варламовты "шетел агенті" туралы бап бойынша қудалау жөнінде тергеу органдары 2024 жылдың қараша айында хабарлаған. Ол кезде прокуратура блогерге былтыр екі рет өзі жариялаған өнімге "шетел агенті" белгісін қоймағаны үшін айыппұл салынса да, ол "заң талаптарына мойынсұнбай", тиісті белгі қоймай пост жариялауды жалғастырғанын айтқан еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу блогер Илья Варламовты "шетел агенті" деп жариялады

Ресейде Илья Варламовқа халықаралық іздеу жарияланған. Блогерге бұлтартпау шарасы сырттай белгіленіп, оны қамауға алуға пәрмен берілген. Ақпанда Мәскеу соты оның мүлкі мен банк шоттарын бұғаттау туралы шешім шығарғаны жөнінде хабар тараған.

Варламов өзіне "шетел агенті" атауын бергенге келіспей, сотқа шағым түсіруге талпынған. "Шетел агенті" тізіміне алынған адам, басқа да талаптармен қоса, жеке есеп-шоттарындағы кіріс-шығысы жайлы тоқсан сайын есеп беріп отыруға және көпшілікке жария еткен постыларының бәріне арнайы белгі қоюға міндетті. Есепте кеткен қателіктер немесе арнайы белгі қоймағаны үшін адам жаза арқалайды, тіпті бас еркіндігінен айырылуы да мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Медиа: Ресейде журналист Юрий Дудьке қарсы қылмыстық іс қозғалған