Ресейлік журналист Юрий Дудь заңда көрсетілген "шетел агенті" міндеттерін орындамағаны үшін, құқық қорғау органдары оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұл ақпаратты тергеу органдарына сүйеніп, РИА "Новости" таратты.
Бұған дейін Мәскеу қаласы прокуратурасының Тергеу комитетіне жолдаған тексеру материалдарында Дудь екі рет "шетел агенті" белгісін көрсетпегені үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны, алайда ол содан кейін де мессенджерде жариялаған жазбаларына әлгіндей белгі қоймағаны айтылған.
Ресей заңы бойынша, бір жыл ішінде осындай құқық бұзу әрекеті қайталанатын болса, ол адамды "шетел агенті" міндеттерінен жалтарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартуға негіз болады. Қылмыстық кодекстің тиісті бабында ондай іс-әрекеті үшін айыпта деп танылған адамға екі жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта Дудь Ресейден тыс жерде жүр.
Журналист Юрий Дудь 2022 жылдың сәуірінде Ресейдегі "шетел агенті" тізіміне енгізілген. Бұған себеп ретінде оның өзге "шетел агенттерінен" дәйексөз келтіргені және YouTube арқылы жарнамадан шетелдегі көздерден қаржы алғаны айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Журналист Юрий Дудь "есірткіні насихаттады" деген күдікке ілінді