МАГАТЭ: Иран уран байытуды жақын арада қайта бастауға қабілетті

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси

Иран байытылған уран өндіруді қайта бастауға қажет техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалды және бұл өндірісті бірнеше ай ішінде қалпына келтіре алады. CBS телеарнасына берген сұхбатында Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, Израиль мен АҚШ Иранның ядролық нысандарына айтарлықтай шабуылдар жасағанымен, түпкілікті күйрететіндей залал келтірмеген.

"Олар бірнеше ай ішінде – тіпті одан да ерте – бірнеше центрифуга каскадын қайта іске қосып, байытылған уран өндірісін бастай алады. Бәрі жойылды, ештеңе қалмады деп кесіп айтуға болмайды", – деді Гросси.

Бұған дейін Израиль мен АҚШ жасаған шабуылдардан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары толығымен жойылды деп мәлімдеген еді. Алайда CNN мен The New York Times дереккөздерінің хабарлауынша, бұл шабуылдар тек Тегеранның ядролық бағдарламасын уақытша ғана тоқтатқан. Financial Times басылымының мәліметінше, жоғары деңгейде байытылған уранның айтарлықтай бөлігі сол қалпында сақталған.