Қазақстандағы "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамының басшысы Ақмәди Сарбасов ұсталды. Бұл ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растады деп жазды жергілікті басылымдар.
"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ басшысының ұсталғаны туралы ақпаратты растайды. Министрлік тергеу органдарына белгіленген тәртіп бойынша көмек көрсетіп жатыр", - делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік тергеу барысына қатысты барлық сұрақ уәкілетті органдардың құзыретіне жататынын ескерткен.
Құқық қорғау органдары Сарбасовтың ісі бойынша әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.
47 жастағы Ақмәди Сарбасов биыл сәуір айында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылған соң осы министрлікке қарасты "Еңбек ресурстарын дамыту орталығына" басшысы болып барған.
Ол 2005 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаменті жетекшісінің орынбасары, департамент басшысы, комитет төрағасы болып істеген. 2019 жылдың сәуір айынан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, ал 2020 жылдың маусымынан бастап министрдің бірінші орынбасары болған.