АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға қарсы санкцияларды жою және экспорт бақылауын жеңілдету туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ақпарат Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды.
Құжатта несиелер мен гуманитарлық көмек беруге, сондай-ақ тауарлар мен технологияларды экспорттауға қойылған шектеулер алынып тасталатыны айтылған.
2024 жылдың желтоқсанында Ресейге қашқан Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа, оның отбасы мүшелері мен жақтастарына қарсы салынған санкциялар күшінде қала береді. Трамп әскери қылмыстар мен адам құқықтарының бұзылуына кінәлілерді жауапқа тарту үшін қосымша шаралар қабылдау қажет деп есептейді.
2025 жылдың мамыр айында Еуропа одағы да Сирияға қарсы санкцияларды алып тастаған еді.
"Біз Сирия халқына жаңа, инклюзивті және бейбіт Сирияны қалпына келтіруге көмектескіміз келеді. Еуроодақ кейінгі 14 жыл бойы сириялықтарды үнемі қолдап келді және қолдауды жалғастыра береді", – деп жазды Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас.
АҚШ президенті Мемлекеттік департаментке кеңесулерден кейін Сирияны терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізімінен, ал "Хайят Тахрир әш-Шам" ұйымын – шетелдік террористік ұйымдар тізімінен алып тастау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Аталған топ 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында көтерілісшілерге жетекшілік жасап, Дамаск қаласын басып алғаннан кейін Сирияда Башар Асад режимі құлады. "Хайят Тахрир әш-Шам" тобының жетекшісі Ахмед әш-Шараа (Әбу Мұхаммад әл-Жулани) Сирияның уақытша президенті деп жарияланды.