Бакуде Ruptly видеоагенттігінің журналисі Айтекин Гусейнова "Sputnik Әзербайжан" редакциясындағы тінтуді түсіріп жүрген кезде ұсталғаны туралы агенттік журналистің анасының сөзіне сүйеніп хабарлады. Журналистің ұсталуына не себеп болғаны айтылған жоқ.
30 маусым күні таңертең Бакудегі "Sputnik Әзербайжан" редакциясында тінту жүргізілген. Әзербайжан ішкі істер министрлігі басылымның аккредитациясы ақпан айында тоқтатылғанына қарамастан редакция "заңсыз қаржыландырылып", жұмысын жалғастырған деп айтты.
Тінтуден кейін құқық органдары бас редактор Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусовты ұстаған. Әзербайжан басылымдары ұсталған екі адамның Ресейдің федерациялық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) байланысы болуы мүмкін деп жазды, бірақ ресми түрде расталған ондай ақпарат жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бакуде полиция "Sputnik Әзербайжан" кеңсесінде тінту жүргізді"Sputnik Әзербайжан" редакциясындағы тінту Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасының бірнеше өкілі 2000-жылдардың басындағы кісі өлтіру және қастандық қылмыстарын тергеу істері бойынша күдікті ретінде ұсталғаннан кейін Баку мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас ушығып жатқан шақта жүргізілді. Екатеринбургте полицияның күдіктілерді ұстау операциясы барысында екі адам қаза тапқан, тағы екеуі зардап шеккен. Ресейдің Тергеу комитеті адамдардың өлімінің жай-жапсарын тексеріп жатыр.
Ресми Баку Ресейге наразылық білдіріп, Екатеринбургтегі адамдардың өліміне қатысты ашық тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Әзербайжанда Ресейдің қатысуымен өтеді деп жоспарланған барлық мәдени шаралар тоқтатылды.
Ruptly видеоагенттігі — кремльшіл RT телеарнасының бөлімшесі. Бұл телеарна Дмитрий Киселёв пен Маргарита Симоньян басқаратын "Россия сегодня" медиахолдингі құрамына кіреді. Sputnik агенттігі де осы холдингтің құрамында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан Ресеймен байланысты барлық іс-шараны тоқтатты