Бакуде полиция қызметкерлері ресейлік "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің кеңсесіне тінту жүргізді. Бұл туралы жергілікті APA және Report басылымдары хабарлады. Оның мән-жайы әзірше белгісіз.
"Россия сегодня" медиа-тобының бас редакторы Маргарита Симоньян Ресейдің Бакудегі елшілігінің қызметкерлері аталған басылымның кеңсесіне барған деп айтты. "Қызметкерлер хабарласпай жатыр – оларды телефонмен сөйлестірмей отырған тәрізді. Арасында Ресей азаматтары да бар", – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.
Биыл ақпанда Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айхан Ғаджизаде "Sputnik Әзербайжан" агенттігінің жабылғанын мәлімдеген, әрі бұл медиа құралына тек бір тілшіге аккредитация берілетінін айтқан. Report басылымының жазуынша, агенттік соған қарамастан жұмысын "жалғастырғаны және оның қызметкерлері жұмысқа барып жүрген".
Осыдан кейін Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Рахман Мустафаевты Мәскеуде Ресей сыртқы істер министрлігіне шақыртқан. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
"Бакудың достыққа сай келмейтін әрекетіне байланысты және Әзербайжан билігінің жылдар бойы ешқандай мін тақпаған ресейлік журналистердің Бакуде ұсталуына байланысты Әзербайжан елшісі сыртқы істер министрлігіне шақырылды" деді ол.
Әзербайжан билігі "шетелде жұмыс істейтін әзербайжандық мемлекеттік басылымдардың журналистері мен Бакудегі шетелдік журналистердің жағдайын теңестіру мақсатында "Sputnik Әзербайжан" агенттігінде жұмыс істейтін 40 қызметкердің орнына 1 адам ғана қалдыруды ұйғарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баку Екатеринбургтегі әзербайжандарға жасалған рейдтерге байланысты наразылық білдірдіӘзербайжан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас 27 маусымда Екатеринбургте ұлты әзербайжан 50-ден астам адам ұсталғаннан кейін ушығып кетті. Екі адам қаза болып, тағы екеуі рейд кезінде қатты зардап шеккен. Ресми Баку бұл оқиғаға кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі Екатеринбургте ауыр қылмыстарды тергеу аясында күдіктілер ұсталған, құқық қорғау органдары жағдайды бақылап отыр деп мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Мария Захарова бұл істер 2001, 2010 және 2011 жылдары жасалған кісі өлтіру қылмыстарымен байланысты деп нақтылады.
Жағдай шиеленісіп жатқан шақта Әзербайжанның парламенттік делегациясы республиканың Мәжілісі мен Ресей федерациясы жиналысының парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссия отырысына қатыспауды ұйғарды. Әзербайжан парламентінің мәлімдемесінде ресейлік құқық қорғау органдары қызметкерлерінің "ашық жасаған және заңсыз әрекеттері" салдарынан әзербайжандықтар арасында қаза болған адамдар бары айтылған.